Қоғамдық тамақтану объектілері реестрінің Пилоттық жобасы

  • Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Иммундау жөнінде жиі қойылатын сұрақтар

Сұрақ: Қазақстанда балаларға қандай егу жүргізілетінін кім және қалай шешеді?  

Жауап: Вакцинация – бұл инфекциялық аурулардың алдын алуға, ал сырттан әкелінген жағдайда – оларды оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттік саясат.

Егу жүргізілетін инфекциялардың атаулары мен егу мерзімдері Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітіледі ( «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысы).

Халықты вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі.

Қазақстанда халықты иммундау үшін Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен вакциналар қолданылады.

Мемлекеттік тіркеу рәсімі – күрделі көп кезеңдік процесс және ең қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталған Республикалық иммундық-биологиялық зертханада вакциналардың сапасын зертханалық тексеруді қамтиды.  

Қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі, қосалқы заттарға, тұрақтылығына, ерекшелігіне, сезімталдылығына және тағы басқаларына баға беріледі.

Тіркелетін вакциналар үшін шығарушы елде мемлекеттік тіркеудің болуы, сондай-ақ шығарушы елде және басқа да елдерде клиникалық қолдану жөніндегі мәліметтер болуы талап етіледі. Бұл ретте вакциналардың сапасын растау эпидемиологиялық тиімділік деректері, яғни вакциналарды қолдану  нәтижесінде сырқаттанушылықтың төмендеу деңгейі бойынша да талап етіледі.

Балаларды сапасы кепілдендірілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда шығарылуы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар сатып алынады.

Қазақстанда Иммундау жөнінде ұлттық консультативтік комитеттің құрылғанын атап кету қажет, оған вакциналарды қолданудың халықаралық тәжірибесін, жаңа және қолданыстағы вакциналардың тиімділігін егжей-тегжейлі зерттеп, және соның негізінде мемлекеттік органға Ұлттық егу күнтізбесін жетілдіру, вакциналардың тиімділігі және қауіпсіздігі бойынша ұсыныстар беретін денсаулық сақтаудың әртүрлі салаларындағы  ғалымдар кіреді.

 

Сұрақ: Біздің Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау сәби өмірінің алғашқы күндерінен басталады. Неліктен бұлай ерте және бұл неге негізделген?

Жауап: Профилактикалық егулер жүргізудің мерзімдері кездейсоқ айқындалмайды.  Бұл егжей-тегжейлі зерттеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ғылыми деректерге негізделген.

Мысалы, ананың антиденелері баланың организміне беріледі және онда  қысқа уақыт сақталады: дифтерияға қарсы 2-3 ай, қызылшаға қарсы 6 айға дейін, ал туберкулез бен «В» вирусты гепатитіне қарсы бала толығымен қорғанышсыз туылады.

Бұл ерекшеліктер вакцинациялау мерзімдерін анықтауда ескеріледі. Осының негізінде туберкулезге немесе «В» гепатитіне қарсы бала дүниеге келген алғашқы күндері, ал дифтерияға қарсы 2-3 айында егіле бастайды.

Қазақстанда егу жүргізілетін инфекциялардың тізбесі «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысымен бекітіледі.

 

Сұрақ: Баланы бір күнде екі және одан да көп егуге бола ма?

Жауап: Қазіргі кезде әлемде көптеген елдер препараттардың бір дозасында бірнеше антигендері бар құрама вакциналарды қолдана отырып вакцинациялауға ауысып жатыр.

Құрама вакциналар инъекциялардың санын қысқартуға, егуге жалпы реакциялардың жиілігін азайтуға мүмкіндік береді, бұл ретте бір мезгілде бірнеше инфекциялық ауруға қарсы иммунитеттің қалыптасуына жол береді.

Алайда, ондай вакциналардың қымбаттылығына байланысты құрама вакциналарды барлық елдер қолдана алмайды.

Баланың иммундық жүйесі 109 - 1011 антигенге ерекше антиденелермен жауап беруді қамтамасыз ете алады, Қазақстанда қазіргі кезде ацеллюлярлық (жасушасыз) АКДС вакцинасы қолданылатыны ескеріле отырып, құрама вакциналармен организмге 25-тен кем антиген енгізіледі, ал бұрын (2013 жылға дейін) қолданылған бүтін жасушалы көкжөтел компоненті бар АКДС вакцинасында 3000-ға жуық антиген бар.

Бұдан басқа, қазіргі заманғы құрама вакциналардың негізгі шығарушысы еуропалық елдер (Франция, Ұлыбритания, Бельгия) болып табылады.

 

Сұрақ: Ата-ана өз балаларын егуге міндетті ме?

Жауап: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 156-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге құқылы.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар және республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы.

Профилактикалық егуді енгізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды қарайды. Медицина қызметкері оған немесе оның заңды өкіліне  профилактикалық егу, мүмкін болатын жанама әсерлері, олардан бас тарту салдарлары, вакцинадан кейінгі асқынулар туралы толық және объективті ақпарат береді.

Профилактикалық егу жүргізудің шарты жазбаша түрде берілген келісім немесе бас тарту болып табылады.

Әрбір жеке адамда нақты бір адамды жеке қорғайтын иммунитет қалыптасады. Бұл ретте ұжымдық (популяциялық) иммунитеттің құрылу мәселесі маңызды.

Ұжымдық (популяциялық) иммунитет – бұл қоғамдастықтың инфекциялық ауруларға қарсы тұру қабілеті, оған сезімтал бір адамнан екінші адамға инфекцияның берілу және таралу қаупін төмендету үшін белгілі бір топтағы адамдарды (мақсатты күнтізбелік жастар, тәеуекл топтары адамдары) вакцинациялаумен қамтудың жоғары деңгейімен қол жеткізіледі.

Егулер тек өз денсаулығы үшін ғана емес, сонымен бірге қоғамның денсаулығы үшін де (ауырған адам инфекция көзі болып табылуы және басқа адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін) жүргізіледі. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін иммундауға жататын халықтың 95%-ын егулермен қамту деңгейіне жеткізу қажет.

Халықты иммундаумен, әсіресе бірнеше жылдар бойы толық қамтымау инфекция қабылдағыш адамдар санының өсуіне алып келетінін, соның салдарынан инфекциялық аурулардың өршуі туындайтынын есте сақтау қажет.

Адамзат тарихы денсаулық сақтау саласындағы ешбір басқа араласудың иммундау сияқты сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейін тиімді және қауіпсіз қысқарта алмайтынын растады.

Вакцинациямен қамтудың төмендеуі ұжымдық қорғаныштың жоғалуына және оның салдары ретінде инфекциялық аурулардың туындауына және таралуына алып келеді.

Кезінде Қазақстанда иммундаудағы ақау қабылдағыш адамдардың жиналуына және дифтерияның өршуіне алып келген, ол кезде 1995 жылы республикада 1105 адам ауырған, оның 66-ы қайтыс болған.

Иммундаудың арқасында қызылшаның бұрқ етпе сырқаттанушылығын бақылауға алуға мүмкін болды, 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылық көрсеткіші 19,5 есеге (2015ж. – 2341 жағдай, 2016ж. – 122 жағдай) төмендеді.

 

Сұрақ: Егілмеген баланы мектепке немесе балабақшаға қабылдамау мүмкін бе?

Жауап: Ата-аналардың профилактикалық егуден бас тартуы баланы ұйымдасқан ұжымдарға қабылдамауға себеп болып табылмайды.

Сонымен қатар ұйымдастырылған ұжымда инфекциялық аурулар тіркелген жағдайда егілмеген балалардың сырқаттану қаупі өте жоғары, әрі ауыр асқынуларымен және соңы өліммен аяқталуы мүмкін. 

Осыған байланысты, егілмеген балалар сырқаттанушылық тоқтағанға дейін балалар мекемелеріне келуден шеттетілуі тиіс, өйткені олар инфекциядан қорғалмаған.

Инфекциялық аурулардың өршуін болдырмау мақсатында ұйымдасқан ұжымдарға балаларды профилактикалық егулерді алғаннан кейін қабылдау ұсынылады.

 

Сұрақ: Жеке клиника мен қарапайым емханадағы вакциналардың айырмашылығы бар ма?

Жауап: Жеке клиника мен мемлекеттік емханалардағы вакциналардың сапасы және тиімділігінде ешқандай айырмашылық жоқ.

Егер 2013 жылға дейін жеке вакцинациялау клиникаларында бүтін жасушалы көкжөтел компоненті бар вакцинамен салыстырғанда реактогендігі төмен, бірақ инфекциялардан қорғану үшін бірдей тиімді жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакциналар қолданылған болса, онда 2013 жылдан бастап Қазақстанда жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакциналардың бүтін жасушалыға қарағанда айтарлықтай қымбат болуына қарамастан, осындай вакциналарға ауысу жүзеге асырылды. Сондықтан қазіргі таңда республиканың мемлекеттік емханаларында да құрамында жасушасыз  көкжөтел компоненті бар (пента және гексавакциналар) қазіргі заманғы вакциналар қолданылады.

Бұдан басқа Қазақстанда балаларды сапасына кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында өндірісін ДДҰ сертификаттаған вакциналар сатып алынады.  

 

Сұрақ: Вакцинацияның қарсыластары батыс елдерінде егуден әлдеқашан бас тартылғанын айтады. Бұл шын ма?

Жауап: Әрбір елде өзінің бекітілген профилактикалық егулер күнтізбесі бар. Елдегі өмір сүру деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, қарсы егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізбесі соғұрлым кең.

Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді, көптеген дамыған елдер, соның ішінде батыс елдерінің (Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония) иммундау кестелеріне ұқсас. 

Батыс еуропа елдерінің егулер күнтізбелері Қазақстан Республикасының Ұлттық егулер күнтізбесінен қарсы профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізбесі біздің күнтізбеге қарағанда кеңірек екендігімен ерекшеленеді, өйткені оларда  жел шешекке, ротавирусты инфекцияларға, адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинациялау бар.

Кейбір елдер профилактикалық егулерсіз кіруге тыйым салады. АҚШ-та, Англияда оқу орындарында оқу үшін міндетті түрде барлық профилактикалық егулердің болуы қажет етіледі. Америкада оқу үшін студенттерге сондай-ақ барлық профилактикалық егулердің болуы талап етіледі.

Сауд Арабиясына кіру үшін қажылыққа баратын адамдарға менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау талап етіледі, Бразилия, Боливия, Колумбия, Кения және басқа да африка құрлығы елдеріне кіру үшін сары қызбаға қарсы вакцинациялаудың болуы талап етіледі.

Қазақстан Республикасы әлемдегі халықты вакцинациялау толығымен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін аздаған елдердің бірі болып табылады.

Иммунндық-профилактика саласындағы мемлекеттік саясат инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған, ал сырттан әкелінген жағдайда оларды шоғырландыруға және жоюға бағытталған.

 

Сұрақ: Қазіргі заманғы вакциналардың құрамында жылдар бойы жинақталып, елеулі зиян келтіруі мүмкін уытты заттар бар деген ақпарат көп. Бұл жалған ба не шындық па?

Жауап: Вакциналар – бұл қандай да бір инфекциялық аурудың қоздырғыштары болып табылатын микроорганизмдерден немесе оның компоненттерінен (капсулалар бөліктері, гендері) дайындалған препараттар.

Бірақ вакцинаның ауруды тудырмай, иммунитетті тудыру қасиетіне ие болуы үшін инфекция қоздырғышы өлтіріледі немесе әлсіретіледі. Дайындау технологиясы бойынша вакциналар бірнеше топқа бөлінеді: тірі және өлтірілген вакциналар.

Вакцинаның тұрақтылығын және стерилділігін қамтамасыз ету үшін вакцинаның  құрамына антигеннен басқа арнайы заттар - консерванттар қосылады.

Ең көп таралған консервант – бактерицидтік әсері бар, сынаптың этилді қосындысы – мертиолят болып табылады, ол 1930 жылдан бері вакциналар, көз тамшылары, көз линзаларын жууға арналған сұйықтықтар өндірісінде пайдаланылады.

Вакцинаның бір дозасындағы мертиоляттың мөлшері өте аз - 0,003-0,01%. Ол адам тәулік бойы ауамен және тамақпен алатын сынаптың туындылары мөлшерінен аспайды. Мертиолят бір апта ішінде белсенді түрде ішек арқылы шығарылады.  

Мертиолят тек көп дозалы қаптамаларда шығарылатын вакциналарда ғана пайдаланылады.

Қазақстанда балаларды вакцинациялау үшін құрамында мертиолят жоқ бір дозалы қаптамалардағы вакцина қолданылатынын айта кету керек.

Бұдан басқа, вакциналарда егу антигендерін өсіретін қоректік ортадағы  заттардың іздік мөлшері, сондай-ақ өндіріс процесінде қолданылған антибиотиктер болуы мүмкін. Бұл заттар қажет емес, олар қазіргі заманғы әдістермен тазарту арқылы жойылады.

Бүгінгі күні қолданылатын вакциналар тіпті 20 жыл бұрын қолданылған вакциналармен салыстырғанда жоғары тазартылған болып табылады. Тазарту процесін өндірушілер, сондай-ақ вакцина әкелінетін елдер де қатаң бақылап отырады.

 

Сұрақ: Қазіргі уақытта АКДС егу қауіпті емес пе?

Жауап: АКДС вакцинасының құрамындағы компоненттер көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы иммунитеттің жасалуына ықпал етеді.

Олармен ауырған жағдайда соңы ауыр салдарларға әкеліп соғатын ауыр аурулар пайда болуы мүмкін:

- көкжөтелден кейін пневмония балалардың 20%-да, жүйке жүйесінің зақымдануы – 0,7-76%-да дамуы, өлім – 0,25-4%-да болуы мүмкін;  

- дифтериядан кейін – жүректің зақымдануы 60%-ға дейін, жүйке жүйесінің зақымдануы 75%-ға дейін, өлім – 30%-дан артық;

- сіреспеден кейін өлім (өлім) өте жоғары – 25-70%.

Сондықтан көрсетілген инфекцияларға қарсы вакцинациядан бас тартуға болмайды.

Кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте Қазақстан Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитеттің ұсынымдары бойынша бүтін жасушалы вакциналарға қарағанда анағұрлым қымбат тұратын құрамында жасушасыз көкжөтел компоненті бар АКДС вакцинасына ауысуды жүзеге асырған жалғыз ел болып табылады. 

Бұдан басқа, АКДС вакцинасы құрамдастырылған бес және алты компонентті вакциналар құрамына кіреді, олармен иммундау кезінде бір уақытта бірнеше инфекциядан қорғаныш қалыптасады. Бұл ретте бала үшін психологиялық жарақат алу қаупі төмендетіледі, иммундаудан кейін қолайсыз белгілердің даму қаупі азайтылады.   

 

Сұрақ: Вакциналардың сақтау және тасымалдау үшін белгілі бір шарттарды талап ететіні белгілі. Қоймалардағы вакциналарды сақтау  санитариялық қағидалар мен нормалар талаптарына сәйкес келеді ме?

Жауап: Барлық вакциналарды сақтайтын және тасымалдайтын  (жеткізушілер қоймалары), иммундау жүргізетін ұйымдар (емханалар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, ауылдық учаскелік ауруханалар, ФАП-тер), эпидемиологиялық маңызды жоғары объектілерге жатады және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық органдарының кемінде жылына 2 рет ерекше тәртіп бойынша тексеруіне жатады.

Барлық сақтау және тасымалдау кезеңдерінде вакциналар салқындату тізбегі талаптарын сақтай отырып тасымалданады (яғни +2-ден +8С температурада).

Тиісті температуралық режимді қамтамасыз ету үшін вакциналар жеткізушілері, сондай-ақ барлық медицина қызметкерлері салқындату тізбегі талаптары бойынша арнайы нұсқамадан (оқытудан) өтеді.

Вакциналарды алыс қашықтықтарға тасымалдауға  арналған (қала және ауыл) арнайы авторефрижераторлар, жол жүру кезінде оңтайлы температуралық режимді ұстап тұруды қамтамасыз ететін вакциналарды сақтауға арналған арнайы термоконтейнерлер бар.

Барлық вакциналарды сақтайтын жерлерде (қоймаларда) арнайы тоңазыту жабдықтары (камералар, бөлмелер, тоңазытқыштар, мұздатқыштар) бар, оларда күніне екі рет оңтайлы температуралық режимді ұстау тексеріледі.

Барлық егу кабинеттері (қалаларда да, ауылдарда да) вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен және вакциналарды тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен қамтамасыз етілген.

 

Сұрақ: Соңғы жылы өз балаларын вакцинациялаудан бас тартқан ата-аналар саны туралы нақты деректер бар ма?

Жауап: Республикада жыл сайын өз балаларын көп жағдайда діни нанымдары бойынша егуден бас тартатын ата-аналардың саны артып келе жатыр.

Қол жеткізілген табыстарға байланысты инфекциялардың қаншалықты ауыр өтетіндігін ұмыта бастадық. Инфекциялар мүлдем жоғалды деген жалған пікір қалыптасты. Тиісінше иммундаудың қажеттілігі туралы күдік пайда болды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі - ТҚҚК) және оның аумақтық органдары вакцинациядан бас тартудың динамикасы мен себептеріне мониторинг жүргізеді.

2016 жылы Қазақстан Республикасында профилактикалық егулерден  9685 бас тарту тіркелді, 2015 жылмен салыстырғанда бас тарту санының 13,4%  (8383) өскені байқалады.

Бас тартудың ең көбі 1 жасқа дейінгі балаларға келеді – 3982 (41,1%), 1-2 жас топтарында 2570 (26,5%), 2-5 жаста – 2072 (21,4%), 6-15 жаста – 617 (6,3%), 16 жастан астам – 444 (4,6%) бас тарту тіркелді.

Өңірлердің деректерін талдау кезінде бас тартудың жоғары үлес салмағы Ақтөбе (19,2%), Оңтүстік Қазақстан (13,2%), Маңғыстау (11,5%) облыстарында және Алматы қаласында (12,9%) тіркелген.

Бас тартудың негізгі себептері жеке 45% (4360) және діни нанымдар 42,9% (4151) болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі - БАҚ) (интернет ресурстары, баспасөз, ТД) арқылы жағымсыз ақпаратты бас тартқандардың 6,2%-ы (600) көрсеткен, вакциналарға сенімсіздік танытқандар - 6,1% (589).

Діни нанымдар бойынша вакцинациялаудан бас тарту республиканың батыс өңірлерінде өзекті мәселе болып қалуда, онда осы көрсеткіш 80%-дан  жоғары, мысалы Атырау облысында діни нанымдар бойынша бас тарту 88,9%, Ақтөбе облысында – 87,9% , Батыс Қазақстан облысында – 89,3%. Сондай-ақ діни нанымдар бойынша бас тартудың жоғары үлес салмағы Оңтүстік Қазақстан облысында (71,3%) байқалып отыр. 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан діни қоғамдардың өкілдерімен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап айту қажет. Кездесу кезінде өкілдер діннің вакцинациялауға оң көзқарасын айтады, әртүрлі дін өкілдері аузынан халықтың назарына жеткізіледі.

Вакцианциялауға белсенді қарсыласатын радикалды діни ағымдар өкілдері екендігі анықталды, осыған байланысты халықтың осы топтарымен түсіндіру жұмысын жүргізу қиындық туғызады (олардың вакцинациялауға тыйым салатын нақты ұстанымдары бар, олармен осы мәселені талқылау, сөйлесу қиынға соғады).

Бұдан басқа өзінің баласын вакцинациялау туралы мәселені шешу кезінде көбіне медициналық білімі жоқ осы саладағы  кездейсоқ адамдар интернетке орналастырған негізсіз, нақты ғылыми деректерге, ғылыми зерттеулерге сілтемесі жоқ, интернеттен алынған ақпаратты емес, ең алдымен вакцинопрофилактика саласындағы ғалымдардың, мамандардың ғылыми негізделген ақпарат көздерін, мақалаларын басшылыққа алу қажет.

Қоғамдық тамақтану объектілері реестрінің Пилоттық жобасы

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы