Қоғамдық тамақтану объектілері реестрінің Пилоттық жобасы

  • Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жаңалықтар

06.05.2019 г.

ҚДСК Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарын атады

2019 жылғы 6 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және менингококк инфекциясының алдын алу бойынша брифинг өткізді.

Қазақстандағы КҚГҚ-ның табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары болып табылады.

Жыл сайын КҚГҚ бойынша қолайсыз өңірлерде КҚГҚ-ның 9-дан 25-ке дейінгі жағдайы тіркеледі, бұл ретте жыл сайын өлім-жітім тіркеледі.

2018 жылы республика халқы арасында КҚГҚ ауруының 18 жағдайы тіркелді, оның ішінде 5 жағдай Түркістан облысында, 9-ы Жамбыл облысында және 4-уі Қызылорда облысында.

18 жағдайдың 4-уі өліммен аяқталды, оның ішінде 1-еуден Жамбыл, Қызылорда облыстарында және 2-уі Түркістан облысында. Өліммен аяқталған КҚГҚ ауру жағдайлары жыл сайын барлық эндемиялық өңірлерде тіркеледі.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында ата-анасымен Қырғыз Республикасынан келген Өзбекстан азаматшасының 10 жасар баласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының бір әкелінген (Өзбекстаннан) жағдайы тіркелді.

Табиғи ошақтардың тұрақты болуының себебі осы аумақта КҚГҚ вирусын тасымалдаушы кенелердің мекендеуі болып табылады. Кене шаққанда инфекция бір жылы қанды жануардан екіншісіне, соның ішінде адамға қан арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі көзі кене болып табылады.

Бұдан басқа бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстары да адамға ҚКГҚ-ны жұқтыру көздері болып табылады, ауыл шаруашылығы жануарларын бағу, сауу кезінде, әсіресе оларды қырқу, сою кезінде жұғады.

Бұл жағдайдың ушығуына кенелердің көбеюіне алып келетін елді мекендердегі антисанитариялық жағдай ықпал етеді (сарайлардағы қи, тұрмыстық қоқыс және стихиялық қоқыс тастайтын жерлер, елді мекендердің айналасындағы жануарлардың өлекселері).

Біздің республикадағы соңғы эпидемиологиялық зерттеу иттер мен үй құстарының да КҚГҚ вирусының тасымалдаушысы болатынын көрсетті.

КҚГҚ таралуының алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті халықтың КҚГҚ-мен сырқаттануының алдын алу бойынша іс-шаралар өткізеді:

- эпидемиологиялық маусым кезеңінде эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіледі;

- КҚГҚ бойынша қолайсыз барлық елді мекендердің айналасында санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін аумақты кенеге қарсы өңдеу жүргізіледі;

- КҚГҚ-дан сақтануды арттыру мақсатында медицина қызметкерлерімен семинарлар өткізілді;

- КҚГҚ бойынша халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіледі, оның барысында аурудың алғашқы белгілері, сондай-ақ кене шаққан жағдайда міндетті түрде және уақытында медициналық ұйымдарға жүгіну қажеттігі түсіндіріледі;

- КҚГҚ табиғи ошағында тұрған медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар мен иммунизацияланған плазма қоры бар.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарымен бір мезгілде ветеринариялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға (бұталар, суаттар және тұрақты немесе уақытша елді мекендердің төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының басқа да тұратын орындары), мал мен мал қораларына кенеге қарсы өңдеу жүргізеді.

КҚГҚ-дан  қорғану мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз:

- Жануарларды қырқу кезінде қолғапты пайдалану, қолғапты шешкеннен кейін қолды сабынмен жуу қажет. Кенені қолмен жаншуға жол бермеу.

- КҚГҚ бойынша эндемиялық өңірлерде  табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде кенелердің шағуын болдырмау үшін ұзын жеңді ашық түсті тығыз матадан жасалған киім кию қажет.  Шалбар шұлыққа және жабық аяқкиімге салынуы тиіс. Өздеріңізді және киімдеріңізді кенені табу үшін қайта-қайта мұқият қарау керек.

- Дененің ашық бөліктері мен киімді реппелленттермен өңдеу;

- Кене шаққанда, кенеттен температураның көтерілуі, жиі (70%) қалтырау, қарқынды бас ауыруы, барлық дененің сырқырауы, кейде жүрек айну мен құсу, мұрыннан, қызыл иектен қан кету, бет терісінің, мойынның және дененің жоғарғы бөлігінің гиперемиясы сияқты аурудың алғашқы симптомдары байқалғанда тез арада дәрігерге қаралу керек;

- КҚГҚ-ның табиғи ошағында орналасқан елді мекендерде жүйелі түрде аумақты қи мен қоқыстан тазарту, арам шөптерді шабу және өртеу, бұталарды тазарту, саңылауларға, жарықтарға, індерге алдын ала мазут, автол, креолин құйып, жөндеу және бітеу қажет. Мал қораларындағы жарықтар мен індерді бітеуге пайдаланылатын саз және басқа да құрылыс материалына алдын ала көрсетілген заттарды сіңдірген дұрыс.

 


Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы